Халық жазушысы және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл толу аясында Қабиболла Сыдиықов атындағы Облыстық әмбебап кітапханасында «Бір шөкім бұлт» шығармасына оқырман конференциясы еркін форматта өткізілді. Кітапхана меңгерушісі Утепбаева Назгүл оқырман конференциясына IT мектеп-лицейміздің 9-10 сынып оқушыларын дайындап, іс-шараға қатысуларын қамтамасыз етті. Оқушылар шығармадан алған өз ойларын ортаға салып, шығармаға талдау жасады.
"Бір шөкім бұлт" — Әбіш Кекілбаевтің 1965 жылы жарық көрген шығармасы.
«Анау бір жылдары маңдайымыздан сипаған
мейірбан жеңгелер, бұны сіздерге еншіледім.
Әлі күнге көңілімнің бір түкпірінен сығалап
тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да,
айрықша аяулы балалық шағым,
бұл-саған ескерткіш».
Бұл шығарма осы эпиграфпен басталады. Өткенге деген сағыныш, балалық шақтың тәтті естелігі — мейірімді жеңгелердің ескерткішіне айналды.
Аға-жеңгелерінің көз алдында өскен ұл оларға деген сағынышын, сүйіспеншілігін білдіре жазған бұл шығармасы есейген Әбіштің шын көңілін көрсетеді. Оқиға желісі бойынша сұм соғыс «сыйлаған» сайқал дерт Аққаймақтың жан дүниесін жеп, сарқып тастайды. Өмірдің еш қызығын көре алмаған, он екісінде бір гүлі ашылмаған талдырмаш арудың әкесі соғыста жан тапсырады, тағдырдың «жесір» атауын иемденген анасы құсалықтың кесірінен өмірден баз кешеді, сүйіп қосылған ері майданда қаза табады.
Бір шөкім бұлттай шағын отбасының басында болған қабырға қайыстырар трагедиялық өткір драмалық шиеленіске толы өмір эпизодтары, сол кездегі баршаны шарпыған, баршаның басындағы ащы шындық екенін көрсету. Басты кейіпкер Аққаймақтың ішкі жан-дүниесі, мінездік сипаты, бітім-тұлғасы мүсінделеді. Қатігез өмірдің қатал тағдырына бас имеген өршіл мінезді, өмірге ғашық әйел бейнеленеді.
