Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін Амал мерекесін «ІТ мектеп-лицей» ұжымы және оқушылары аса жоғары жауапкершілікпен атап өтті. Жаңару күніне мерекелік шара ұйымдастырылып, салт-дәстүріміз, қазақи құндылықтарымыз дәріптелді. Мектептегі өнерлі өрендер күйден шашу шашты. Әр сынып мерекелік көңіл-күй сыйлап, ашық тәрбие сағаттарын ұйымдастырды.
Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден сыр шертетін өнегелі әңгіме де айтылып, байқаулар ұйымдастырылып, қазақы ойындарымыз да назардан тыс қалмады. Оқушылар садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тартудан бақ сынасты. Оқушылар мен мектептің ата-аналары мерекелік кешке аса ыждаһаттылықпен дайындалғаны көрініп-ақ тұрды.
Қыстан аман-есен шығып, мал тұяғы көкке, аузымыз аққа ілініп, ұлтымыздың Жаңа жылы мектебімізде осылай тойланды. Барлығының көңіл-күйі керемет. Әріптестерімізді, ата-аналарды, шәкірттерімізді ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймыз. Жаңа жылымыз жаңа табыстарға жетелесін!